ШҚО-да 4 келі марихуана тәркіленіп, күдіктіге қатысты іс қозғалды

Фото: Polisia.kz

АСТАНА. KAZINFORM — ШҚО-да полицейлер мен облыстық прокуратура Глубокое ауданының 22 жастағы тұрғынын есірткіні заңсыз сақтап, өсірді деген күдікпен ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Тәртіп сақшылары жедел тінту барысында күдіктінің үйінің аумағынан өзіне тән иісі бар өсімдік бұталарын аңғарған.

Сонымен қатар шыны банка мен кептірілген өсімдік салынған қап, металл табақшалар мен ыдыс-аяқ табылды.

Бұдан бөлек өсімдіктер салынған кептіргіш машина тәркіленді.

— Сараптама нәтижесіне сәйкес, тәркіленген заттың марихуана екенін анықтады. Психотроптық заттың салмағы 4 келіні құрады. Бұған қоса, сарапшылар 1,2 келіні құрайтын каннабис ретінде таныған өсімдік бұтасын анықтады. Аталған фактілер бойынша күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр, — делінген хабарламада.

Бұдан бұрын Kazinform тілшісі Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Мәди Тоқановпен сұхбаттасып, есірткіге тәуелді науқастар санының артуына не себеп екенін анықтап көрді.