Өңірде биылғы эпидемиялық маусым басталғалы бері жіті респираторлық вирустық инфекцияның 5 419 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,6% аз. Дегенмен сырқаттанғандардың жартысынан астамы балалар болғандықтан, мамандар ата-аналарды сақтық шараларын ұмытпауға шақырды.
- Тіркелген ЖРВИ жағдайларының 3 010-ы 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталған. Оның ішінде бір жасқа толмаған 89 сәби бар. Сондай-ақ жүкті әйелдер арасында 28 жағдай тіркелді. Қазіргі уақытта облыста тұмау мен COVID-19 инфекциясының зертханалық жолмен расталған жағдайлары анықталған жоқ, - дейді ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина.
Алайда алдағы айларда тұмау вирустарының бірнеше түрі таралуы мүмкін. Қазақстанда A(H3N2), A(H1N1)pdm09 және B (Victoria) вирустары тарайды деп болжанып отыр. Өткен эпидемиялық маусымда A(H3N2) вирусы басым болды. Биыл вирустардың таралу құрылымы өзгеруі мүмкін, соның ішінде A(H1N1)pdm09 вирусының белсенділігі артуы ықтимал.
- Тұмаудың алдын алудың тиімді жолдарының бірі - вакцина. Сонымен қатар тұрғындарға қолды жиі жуу, бөлмелерді желдету және ауру белгілері бар адамдармен жақын байланыстан аулақ болуды ұсынамыз, - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін Алматы облысында ЖРВИ жұқтырғандар саны артқаны хабарланған.