ШҚО-да 50-ге жуық адам гонконг тұмауын жұқтырды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында түрлі вирустық инфекцияларды жұқтырғандар саны артып келеді.
Бүгінде өңір бойынша ЖРВИ-ге шалдыққан 65 мыңнан астам адам тіркелген. Оның ішіндегі 40 мыңнан астамы – 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға артып отыр.
- Облыста гонконг тұмауы да белсенді тарап жатыр. Егер өткен аптада 25 жағдай анықталған болса, қазір зертханалық жолмен расталған науқастар саны 49-ға жетті. Оның 35-і Өскеменде тұрады, науқастардың арасында 28 бала бар. Бұдан бөлек, аймақта риновирус, боковирус және аденовирус жұқтырып жатқандар бар. Сондай-ақ екі адам коронавирус инфекциясына шалдыққан, - дейді ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина.
Оның айтуынша, «гонконг тұмауы» ерекше белгілерімен ерекшеленбейді және басқа маусымдық штамдар сияқты өтеді. Ол жаңа вирус емес, бұрын да халық арасында тараған.
Осы ретте, тұрғындарға адам көп жиналатын орындарға мүмкіндігінше бармауға, ата-аналарға балаларын ойын алаңдарына апаруды шектеу ұсынылды. Сондай-ақ қауіпсіздік шараларын сақтап, маска тағып жүруге кеңес берілді.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да қашықтан оқып жатқан оқушылар саны 30 мыңға жуықтағаны хабарланған.