18 желтоқсанда таңғы сағат 05.00-де Усть-Таловка мен Шемонаиха ауылдарын байланыстырып тұрған магистральдық желіден ақау шығып, су ағып кеткен болатын. Соның салдарынан 58 көпқабатты және 97 жеке тұрғын үйдің үш мыңға жуық тұрғыны жылусыз, ыстық сусыз қалды. Бір сағаттың ішінде мамандар ақау орнын анықтап, қалпына келтіру жұмыстарын бастады.
- Қазіргі уақытта жұмыстар аяқталып, магистральдық желі толықтай қалпына келтірілді. Мамандар жүйені сынақтан өткізіп, желіні сумен толтыра бастады. Сағат 21.00-ге қарай тұрғындардың үйлеріне қайта жылу беріледі деп күтілуде, - деп хабарлады ШҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан.
Еске салсақ, осыған дейін Павлодарда жылу беруді қадағалайтын 10 мобильді топ құрылғаны хабарланған.