Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының прокуратурасы мемлекеттік сатып алу саласында заңнаманың сақталуын талдау барысында коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын тарапынан заңбұзушылықтарды анықтады.
«Атап айтқанда, аудандық аурухана әкімшілігі жасалған келісім-шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындаған 27 кәсіпкердің алдындағы 134 млн теңге қарызын өтемеген. Прокурорлық қадағалау актісіне сәйкес, аурухана басшылығы қазіргі уақытта 20 кәсіпкерге 98,3 млн теңге көлемінде қарызды төледі», - деп хабарлады облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен.
Аурухана әкімшілігі қалған қарызды қысқа мерзімде өтейтін болады.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-дағы кәсіпорынның 220 жұмысшысы жалақыларын ала алмай келгені хабарланған.