ШҚО-да балық аулау ережесін бұзған 260 адам анықталды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында балық аулау ережесін бұзған 260 адам анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша «Уылдырық-2021» жедел алдын алу шарасы жүргізілуде. Ол басталғалы бері тәртіп сақшылары 354 рет рейдке шығып, 269 заңбұзушылықты анықтады.

«Оның ішінде заңсыз балық аулаған 6 адам ұсталды. ҚР Қылмыстық Кодексінің 335-бабына сәйкес іс қозғалып, 1595 келі балық тәркіленді. Осының салдарынан мемлекетке келтірілген залал мөлшері – 2 669 947 теңгені құрап отыр. Сонымен қатар балық аулау ережесін бұзған 260 адам анықталды. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды», - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, «Уылдырық-2021» жедел алдын алу шарасы 30 мамырға дейін жалғаспақ.