ШҚО-да бірнеше күн бойы беті қайтпай жатқан дала өрттерінің көбі сөндірілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында бірнеше күн бойы беті қайтпай жатқан дала өрттерінің көбі ауыздықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өткен демалыс күндері өңірдің бірнеше ауданында дала өрті шыққан. Зайсан, Глубокое, Ұлан аудандарында, Алтай мен Өскемен қалаларындағы дала өрттері кеше тежелген еді .

​Күршім ауданында Маралды ауылдық округінде, Ұлан ауданының Герасимовка ауылында және Каменка ауылдық округінің Борсақ учаскесінде, Алтай ауданындағы Серебрянск қаласында және Өскемендегі Машина жасаушылар көшесінде қызыл жалын толық сөндірілді. Дәл қазіргі уақытта Күршім ауданы Пугачев орманшылығындағы өрт қана өшірілген жоқ.

«Сол жерде өрт сөндірушілер, жергілікті атқарушы орган өкілдері, орманшылар тарапынан барлығы 260 адам және 30-ға жуық техника жұмыс істеп жатыр. ШҚО әкімдігінің екі «МИ-8» тікұшағы жұмылдырылған. Көлемі 35 тонна болатын 14 рет әуеден су төгілді. Елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ», - делінген ақпаратта.