ШҚО-да болашақ орман ағаштары қалай өсіріледі

Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Орманға көшет отырғызу үшін орманшылар жылдап еңбек етіп, табандылық пен төзімділік танытады. Ал жайқалған жасыл желек экологиялық жағдайды жақсартудың бірден-бір құралы. Kazinform тілшісі бұл мақалада оқырманды Шығыс Қазақстандағы орманшылардың жұмысымен таныстырмақ.  

Елімізде Президенттің 2 млрд ағаш отырғызу тапсырмасы іске асырылып жатыр. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2021-2025 жылдары Қазақстанда 1,5 млрд ағаш отырғызылған.

Биыл 208 млн-нан астам көшет егу жоспарланған. Ал Шығыс Қазақстанда алдағы екі жылда 76 млн-нан астам жасыл желек отырғызылмақ. 

Бірақ осы көрсеткіштерге жету үшін алдымен тұқым алу керек. Содан кейін жылдар бойғы ауыр еңбек, шыдамдылық пен жауапкершілік қажет.

Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

Үш жыл үздіксіз күтім қажет

Өскемен маңындағы орман шаруашылығындағы тұқымбақта қатар-қатар егілуге дайын тұрған ағаштар жоқ. Тек қар басқан аумақ пен кішкентай жасыл бүршіктер ғана бар.

Тұқымбақтың негізгі аумағы сібір шыршасына берілген. Бұл шыршаның ең баяу өсетін түрлерінің бірі. Орта есеппен жылына шамамен 5 сантиметр өседі. Жас көшетті 10-15 сантиметрге дейін өсіріп, орманға отырғызуға дайындау үшін кем дегенде үш жыл үздіксіз күтім қажет.

Ең күрделі маусым – жаз кезі. Күнделікті суару, шөпті шабу, топырақты бақылау – барлығы сол мезгілде жүзеге асады. Қыстағы тыныштық пен қар – көшеттердің суық кезеңді аман өткізуінің кепілі.

Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

– Міне, көріп тұрғандарыңыздай олар қардың астында жатыр. Кішкентай, жасыл, жұмсақ. Қазір олар ұйқыда. Себебі қыс қой. Қар астында жылы және тыныш сақталады. Көктем шыққан бойда оянып, қайта өсе бастайды. Жыл сайын әрбірінің өскенін көргенде көкірегіңді қуаныш кернейді, - дейді орман шебері Әсет Қамзин.

Ол қарды қолмен тазалап, әрбір көшетке бірнеше секунд тоқталып, олардың қыстан қалай өтіп жатқанын тексереді. Бұл көшеттер тұқымбақта бірнеше маусымды өткізгеннен кейін ғана мемлекеттік орман қорының ашық жерлеріне жіберіледі.

Орманшы болу оңай емес

Әсет Қамзин бұл салаға тегіннен-тегін келмеген. Оның әкесі де, атасы да орманшылықта жұмыс істеген. Ол үшін бұл тек жұмыс емес, отбасы дәстүрін жалғастыру.

Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

– Менің әкем мен атам орманшы болған. Өзім де осы жолды таңдадым. Бұл мен үшін өмірімнің ажырамас бөлігі. Баламды да бұл салаға баулығым келеді, - дейді Әсет.

Орманшының жұмысы тек тұқымбақты күтумен шектелмейді. Олардың бақылауында мыңдаған гектар орман бар. Азынаған аязда да, ми қайнатар ыстықта да орманды аралап, өрт қаупін, заңсыз ағаш кесілмеуін бақылап жүреді.

Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

– Мұнда кездейсоқ тап болып қалған адам жоқ. Көбісі ауылда, орманда жүріп өскен. Ормандағы қалың ағаш - тірі организм. Бүгін көзіміздің қарашығындай сақтамасақ, ертең айырылып қалуымыз мүмкін, - дейді орман шебері.

Қателесуге болмайтын жұмыс

Көшетті өсіру үшін әуелі тұқым жинау қажет. Бұл салада 10 жылдан астам еңбек етіп жүрген Мұрат Мұсақановтың айтуынша, күз – орманшылар үшін ең қарбалас кезең.

Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

– Сібір шыршаларының бүршіктерін қазан айының соңынан қарашаға дейін жинап үлгеру керек. Ал одан кейінгі уақытта тұқым жоқ болады. Жерде жатқан бүршіктердің еш пайдасы жоқ, - дейді Мұрат.

Бүршіктерді жел мен суыққа қарамастан ағаштарға өрмелеп жинайды. Бір күнде ауа райы күрт құбылса, бүкіл жоспар өзгеріп кетуі әсте мүмкін.

Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

Бүршіктен тұқымды алу – ең маңызды жұмыстардың бірі. Оларды арнайы пеште қыздырады, сонда бүршік ашылып, тұқым береді. 

– Содан кейін тұқымдарды кептіреміз. Артық кептіріп жіберсе, өну қабілеті жоғалады. Кем болса – тұқым бүлінеді. Барлығын табиғи жағдайда, асықпай жасаймыз. Кішкентай қателіктің де айлар бойғы еңбекті еш кетіруі қас-қағымда, - дейді орманшы Ерлан Қамалиев.

Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

Тұқымдар қағаз қаптарға салынып, міндетті түрде ілініп қойылады. Әйтпесе кеміргіштер бүлдіріп кетеді. Әр қап – бір маусым бойы жүргізілген қып-қызыл еңбек. Бір қапта шамамен 6 келі тұқым бар. 

Ең ауыр сәт

Орманшылар үшін ең ауыры – қалаға келгендегі көзге түскен көрініс.

Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

– Жаңа жылдан кейін Өскеменде қоқыста жатқан шыршаларды көреміз. Жүрегің ауырады. Бұл ағаш қанша уақыт өсті, оған қанша еңбек кетті. Ол тірі ағаш қой. Сондықтан баршаңыздан өтінерім, орманға қасақана зақым келтірмеңіздер. Бұл біздің байлығымыз. Орманды балаларымыз бен немерелерімізге қалдырып кетуіміз керек, - деп Әсет Қамзин үндеу жасады.

Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform
Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform
Фото: Нелли Нигматуллина / Kazinform

Еске салсақ, осыған дейін Ертіс орманынан қыста қандай құстарды кездестіруге болатыны туралы жазғанбыз.