ШҚО-да қадағалаусыз қалған жасөспірімдер бейімдеу орталығына орналастырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған «Назар аударыңыз — балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: ІІМ

Алғашқы үш күннің қорытындысы бойынша полиция қызметкерлері 183 рейдтік іс-шара өткізіп, 128 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті.

— Полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп жүргізген рейдтер барысында құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жасөспірімдердің қараусыз және қадағалаусыз қалуына жол бермеуге, сондай-ақ олардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін жағдайларды анықтауға басымдық берді, — делінген ақпаратта.

Профилактикалық іс-шаралар нәтижесінде ішкі істер органдарына 101 кәмелетке толмаған жеткізілді. Қараусыз және қадағалаусыз қалған 8 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.

Жалпы рейдтік іс-шаралар барысында 128 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, олардың жолы кесілді.

Айта кетейік, түнгі уақытта баласының қайда жүргенін бақылауды қамтамасыз етпеген 480-нен астам ата-ана жауапкершілікке тартылды.