ШҚО-да қар көшкінінің түсірілуіне байланысты тағы да жол жабылады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында жасанды жолмен қар көшкінінің түсірілуіне байланысты тағы да жол жабылады.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 19 желтоқсанда сағат 9:00-де «Қазселденқорғау» мекемесінің қызметкерлері профилактикалық мақсатта қар көшкінін түсіреді.
– Соған байланысты облыстық маңызы бар Өскемен-Таулы Үлбі-Солтүстік тасжолының 30-37 шақырымында көліктің барлық түрі үшін қозғалысқа тыйым салынады. Жолдың нақты қашан ашылатыны әзірге белгісіз, - делінген ақпаратта.
Осы ретте, құтқарушылар өңір жұртшылығына жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы біліп отыруға кеңес берді.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстан облысында жасанды жолмен қар көшкіні түсірілгені хабарланған.