ШҚО-да келесі жылдан жануарларға құтыруға қарсы жаппай вакцина салынбақ

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында құтыру ауруының алдын алу тәсілі өзгереді. 2027 жылдан бастап өңірдің әр ауданында ветеринарлар ауру ошақтары анықталғаннан кейін ғана әрекет етпей, барлық үй және ауыл шаруашылығы жануарларын жаппай вакцинациялауға көшеді.

Фото: Дарья Аверченко/Kazinform

Мұндай шешім жабайы аңдар арасында жүргізілген мониторинг нәтижелеріне байланысты қабылданған. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағындықов 2027 жылдан бастап аймақтағы барлық малды профилактикалық екпемен қамту жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Бұған дейін облыста вакцинация жұмыстары негізінен ауру ошағы анықталғаннан кейін жүргізіліп келген, яғни қауіпті инфекция тіркелген жағдайда ғана мал мен үй жануарларына жаппай екпе салынатын. Алайда шекаралас аумақтардағы түз тағылары арасында инфекцияның таралу қаупі алдын алу шараларын күшейтуді талап етіп отыр. 

— Облыстың шекаралас аудандарында жабайы жануарларға жүргізілген зерттеу нәтижесінде құтыру ауруының 10 жағдайы зертханалық жолмен расталды. Бұл профилактикалық жұмыстарға ерекше көңіл бөлу қажеттігін көрсетеді. Түз тағысы үй немесе ауыл шаруашылығы жануарларына жұқтырып үлгергенше күтпей, алдын алу шараларын қолға алуымыз керек, — деді Рамиль Сағындықов.

Мамандардың айтуынша, құтыру — жануардан адамға тістеу немесе сілекейдің жарақаттанған теріге түсуі арқылы жұғатын, аса қауіпті әрі өлімге әкелетін зооноздық инфекция.

Аулалардағы барлық жануарды жоспарлы түрде жаппай вакцинациялау жабайы табиғат пен елді мекендер арасындағы инфекцияның таралуына тосқауыл қоюға мүмкіндік береді. Бұл шара шаруа қожалықтарын қорғаумен қатар, облыс тұрғындарының денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Еске салсақ, бұған дейін Ресейде вакцинадан кейін 100-ден астам ит өлгені хабарланған.