Ресейде вакцинадан кейін 100-ден астам ит өлді
МӘСКЕУ.KAZINFORM — Ветеринариялық вакциналар өндірушісі «Ветбиохим» компаниясы 2026 жылдың жазында «Мультикан-8» вакцинасын қолданғаннан кейін иттердің өлуіне қатысты 128 жағдайды растады. Компанияға жануар иелерінен барлығы 177 өтініш түскен. Бұл туралы ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап, агенттік тілшісі хабарлайды.
Компанияның нақтылауынша, 128 өтініш бойынша жануарлардың өлгенін растайтын құжаттар жиналған. Расталған әрбір жағдай бір итке қатысты. Қалған өтініштер бойынша «құжаттарды рәсімдеу және ақпаратты нақтылау жұмыстары жүргізіліп жатыр».
Қаза тапқан жануарлардың иелерімен байланыс орнату үшін «Ветбиохим» Ресей аумағында ветеринария мамандарымен бірлесіп жұмыс ұйымдастырған. Әрбір өтініш бойынша жеке жұмыс жүргізіліп, иелеріне өтемақы төлеу және психологиялық қолдау көрсету қарастырылған.
Қазіргі уақытта 104 жануар иесіне қаржылай өтемақы төленіп, консультациялық қолдау көрсетілген. Компанияның мәліметінше, төлемдер сотқа дейінгі тәртіппен жүзеге асырылып жатыр.
Өтемақыға вакцинация, емдеу және жануарларды ауруханаға жатқызу шығындарын өтеу, сондай-ақ моральдық зиян үшін төлем кіреді. Көмек мөлшерін белгілеу кезінде компания жұмсалған шығындарды ғана емес, жануардан айырылудың ауырлығын да ескеретінін хабарлады.
«Ветбиохим» компаниясының мәлімдеуінше, моральдық зиян үшін қарастырылған өтемақы мөлшері осындай жағдайларда соттар әдетте тағайындайтын сомадан жоғары болуы мүмкін. Компания өтемақының нақты көлемін жариялаған жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Қырғызстанда үй жануарларын чиптеу мен тіркеу жүйесін енгізу ұсынылғанын жазған едік.