ШҚО-да көшеге қоқыс тастағандар 31 млн теңге айыппұл арқалап, 3 мың сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында жыл басынан бері қоқыс тастап, абаттандыру талаптарын бұзған тұрғындарға салынған айыппұл көлемі 31 млн теңгеден асты.

Фото: Kazinform / ЖИ

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, биыл өңірде көшелер мен аулалардың санитарлық жағдайына қатысты 9 023 құқық бұзушылық анықталған.

Оның басым бөлігі ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабында көзделген абаттандыру қағидаларын бұзу деректері. Осы бап бойынша 7 148 әкімшілік хаттама толтырылған. Ал қоғамдық орындарды ластағаны үшін (ӘҚБтК-нің 434-2-бабы) 1 340 құқық бұзушылық тіркелген.

Тәртіп бұзғандарға тек айыппұл салынып қана қоймай, қоғамдық жұмысқа тарту жазасы да қолданылады. Жыл басынан бері сот шешімімен облыстың 73 тұрғыны қоғамдық жұмысқа тартылған. Олар жалпы 2 920 сағат жұмыс істеді. Яғни әрқайсысы орта есеппен 40 сағаттан көше тазалады. 

Рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастайтындарды анықтауда көшедегі бейнебақылау камералары негізгі құралға айналып отыр.

- Қоғамдық орындарды ластаудың 1 340 дерегінің мыңнан астамы бейнебақылау камераларының жазбалары арқылы анықталды. Полиция қызметкерлері Өскемен қаласы мен облыс аудандарындағы бейнежазбаларды күн сайын қарап, құқық бұзушылардың кім екенін анықтайды. Одан кейін оқиға орнына инспекторлар барып, әкімшілік хаттама толтырады», - делінген ақпаратта. 

Еске салсақ, бұған дейін Батыс Қазақстанда 50-ге жуық заңсыз қоқыс орны анықталғаны хабарланған.