Батыс Қазақстанда 50-ге жуық заңсыз қоқыс орны анықталды
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында табиғатты қорғау және қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар күшейтілді.
Осы бағытта БҚО полиция департаменті басшылығының тапсырмасына сәйкес полицейлер облыс аумағындағы орман алқаптарын, сай-салалар мен жол бойындағы адам аяғы сирек басатын аумақтарды жаяу аралап, заңсыз қоқыс орындарын анықтауда.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, нәтижесінде облыс аумағында 50-ге жуық стихиялық қоқыс орны анықталды.
Бұлардың 36-сы бойынша оларды тазарту жұмыстарын ұйымдастыру үшін жергілікті атқарушы органдарға ұсынымхаттар жолданды. Әкімдік пен полиция арасындағы өзара іс-қимылдың нәтижесінде бұл аумақтарға арнайы техникалар тартылып, жиналған қалдықтар шығарылды. Қалған қоқыс орындарын тазарту жұмыстары полиция қызметкерлерінің күшімен жүргізілді.
Орал-Саратов автожолы бойында қоқыс тастауға арналған арнайы полигон болғанына қарамастан, белгіленген орынға жетпей-ақ жол жиегіндегі сайларға қалдықтар төгілген. Полицейлер осы аумақты жаяу тексеру барысында алты заңсыз қоқыс орнын тіркеді. Сайлардың ішіне құрылыс қалдықтары, ескі құрылыс материалдары, қаңылтырлар, автокөлік бөлшектері мен трактор дөңгелектеріне дейін тасталған. Адамдар қоқысты арнайы полигонға жеткізудің орнына сайлардың іші мен жол бойындағы қуыстарға қалдырып кеткен.
Меловые горки ауданы маңын тексеру барысында тағы 5 стихиялық қоқыс орны белгілі болды.
Ал Орал-Тасқала автожолы бойындағы қалың орман алқаптарын аралау кезінде тағы 5 заңсыз қоқыс орны табылды. Орман ішіне тұрмыстық және құрылыс қалдықтарымен қатар, қоршау материалдары мен өзге де қажетсіз заттар тасталған.
Қоқыс орындарын тазалау үшін әкімдік тарапынан арнайы техникалар жұмылдырылып, үйіліп жатқан қалдықтар тиісті орындарға шығарылды.
- Нәтижесінде бұған дейін қоқысқа толып, табиғи көркі бұзылған сай-салалар мен жол жиектері тазартылды. Орман ішіндегі бейберекет қалдықтардан арылған аумақтар да өз келбетін қайта тапты. Осыған байланысты полиция қызметкерлері облыс тұрғындарын тұрмыстық, құрылыс және өзге де қалдықтарды белгіленбеген жерлерге тастамау, оларды арнайы полигондарға жеткізу керектігін еске салады, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қылмыс жиі тіркелетін кафенің қызметі тоқтатылғанын жазған едік.