Шығыс Қазақстан облысында жедел іздестіру шараларына көбіне иттің көмегі керек болады. Күн сайын кинология орталығынан 9 ит іздестіру жұмыстарына тартылып жүр. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, осының арқасында ашылған қылмыстардың саны артқан.
«Департаменттің кинология орталығында 33 ит бар. Қылмыскерді ұстау сияқты жүректілікті талап ететін істерге бельгиялық овчаркаларды, ал иісшілдікті қажет ететін істерге неміс овчаркаларын баулимыз. Солардың көмегімен жыл басынан бері 70-тен астам қылмыстың беті ашылды» - дейді кинология орталығының бастығы Максим Зубов.
Оның айтуынша, облыстың ішкі істер саласында 60 астам кинолог жұмыс істейді. Соңғы үш айда солар баптаған иттердің көмегімен 38 ұрлық, 5 тонау және 1 кісі өлтіру қылмысының ізі ашылған.