ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында полицейлердің «Агат» лақап атты қызметтік иті 2020 жылдың басынан бері 11 қылмыстық істі ашуға көмектескен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
29 ақпан күні 102-ге супермаркеттен ұрлық жасалғандығы туралы хабар түскен. Белгісіз біреулер терезені сындырып ішке кіріп, 500 мың теңгелік ноутбукты жымқырып кетіпті. Оқиға орнына бірден тәртіп сақшысы Қуаныш Бекпаев «Агат» лақап атты қызметтік итімен барған. Танауы сезгіш төрт аяқты көмекші полицейлерді сол маңайдағы жер үйге ертіп апарады. Осылайша ұрлық жасаған 3 ер адам ұсталған.
«Агаттың» көмегімен жыл басынан бері 11 қылмыстық іс ашылды. Оның ішінде 8 ұрлық, 1 тонау және 1 көлік айдап кету фактілері», - дейді облыстық Полиция департаменті Кинологиялық қызмет орталығының басшысы Өмірзақ Касаинов.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.