ШҚО-да мас жүргізуші полициядан қашып, 30 тәулікке қамалды

АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданында полицияның тоқтау туралы талабына бағынбаған 21 жастағы жүргізушінің мас күйде болғаны анықталды. Сот шешімімен ол 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Бұл туралы ІІМ мәлім етті.

Фото: Kazinform/ЖИ

Шемонаиха ауданындағы елдімекендердің бірінде патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері 21 жастағы жергілікті тұрғын басқарған автокөлікті тоқтату туралы белгі берген.

Алайда жүргізуші тәртіп сақшыларының заңды талабына бағынбай, қозғалысын жалғастырған. Осыған байланысты полицейлер оның соңынан қуып, көлікті тоқтатқан.

Тексеру барысында жас жігіттен алкогольдік масаңдық белгілері байқалған. Медициналық куәландыру нәтижесінде оның орташа дәрежеде мас күйде болғаны расталды.

Шемонаиха аудандық сотының шешімімен жүргізуші 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Полиция жүргізушілерге мас күйде көлік басқару және тәртіп сақшыларының заңды талабын елемеу жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін ескертеді.

— «Заң мен тәртіп» қағидаты баршаға ортақ. Жол қауіпсіздігі әрбір жүргізушінің жауапкершілігінен басталады, — деп ескертті құзырлы органнан.

Айта кетейік, бұған дейін үш күнде 17 мас жүргізуші анықталғанын жазған едік.