Дала өртінің алдын алу мақсатында облыс аумағында 48 мобильді топ жұмыс істейді. ШҚО ТЖД қызметкерлері, полицейлер және жергілікті атқарушы орган өкілдері бірлесіп өрт қаупі жоғары кезең басталғалы бері 620-ға жуық профилактикалық рейд өткізді.
- Соның барысында мобильді топтар аумақтарды патрульдеп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылады. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 174 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Осы ретте, құтқарушылар тұрғындар мен өңір қонақтарын өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Күн ерекше ысып тұрған кездерде орман алқаптарына баруды шектеген жөн.
Егер далада немесе орманда өрт шыққанын байқасаңыз дереу «112» нөміріне хабарласыңыз.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да өрт қаупіне байланысты ормандардың біріне кіруге тыйым салынғаны хабарланған.