Жаңа бағыт қауіпті тау серпантинімен жүрмей, танымал туристік бағыттарға қауіпсіз жетуге мүмкіндік бермек. Жол құрылысы шамамен 10 жылға созылды.
Жобаның созбалаңға салынуына мердігерлердің ауысуы, қаржыландырудың жеткіліксіздігі және жобалау кезінде жіберілген қателіктер себеп болды. Атап айтқанда, биік таулы аймақтағы көпірді салу кезінде топырақтың ерекшеліктері толық ескерілмегендіктен, тірек конструкцияларын орнатуда қиындықтар туындаған. Кейіннен жобалық шешімдер қайта қаралып, бүгінде болашақ көпірдің барлық сегіз тірегі тұрғызылды.
Жобаның жалпы құны — 19,9 млрд теңге. Биыл құрылысты аяқтауға 9,9 миллиард теңге қарастырылғанымен, әзірше соның тек 900 миллион теңгесі ғана бөлінген.
— Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес, Қаржы министрлігіне қалған 9 млрд теңгені бөлу міндеті жүктелді. Бұл мәселе жақын арада оң шешімін табады деп үміттенеміз, — дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚО филиалы директорының орынбасары Алмас Қасенов.
Жаңа жолдың іске қосылуы жол қозғалысының қауіпсіздігін айтарлықтай арттырады. Жаз мезгілінде демалыс күндері ғана Өскеменнен Бұқтырма су қоймасына қарай 20 мыңнан астам автокөлік қатынайды. Жол пайдалануға берілгеннен кейін жүргізушілер қауіпті Осинов асуын айналып өтіп, Алтай, Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандарындағы туристік бағыттарға әлдеқайда жылдам жете алады.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да салынып жатқан Қазақстандағы ең биік көпір құрылысын аяқтауға қаржы әлі бөлінбегені хабарланған.