ШҚО-да полицей атын жамылған алаяқ қолға түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Риддер қаласының тәртіп сақшылары өзін «полицеймін»деп таныстырып, жергілікті халықты алдаған алаяқты ұстады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат»ХАА тілшісі ШҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, алаяқтың қақпанына бірнеше риддерлік тұрғын түскен. Ол өзінің «қамқорлығы» үшін 80 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін ақша алып отырған.

«Риддер қаласының 62 жастағы тұрғыны ішкі істер бөліміне барып, бір жас жігіттің өзін «полицеймін» деп таныстырғаны туралы айтып берді. Белгісіз жігіт әлгі егде әйелге келіп, немересінің қиын жағдайға тап болғанын білдірген. Әңгіме барысында бейтаныс жігіт жол ережелерін бұзғаны үшін немересінің басына түскен істі шешіп беруді ұсынған. Осы қызметі үшін ол 270 мың теңге сұраған. Немересінің жағдайына алаңдаған әйел ойланбастан, айтқан соманы ұстатқан», - деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметінен.

Бұдан кейін немересіне қоңырау шалған риддерлік тұрғын ештеңе болмағанын білген.

«Көп кешікпей күдікті қолға түсті. Ол 29 жастағы Риддер қаласының тұрғыны болып шықты. Ол заңсыз жолмен 500 мың теңге тапқан. Қазіргі уақытта күдіктінің осыған ұқсас 4 оқиғаға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр», - делінген хабарламада.

Ұсталған күдікті Қылмыстық кодекстің 190-бабы1-бөлігі (алаяқтық) бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.