Облыс ауылдарын «Starlink» спутниктік интернет жүйесіне қосу жұмыстары «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында жүргізілуде. Бірінші кезекте интернеті мүлде жоқ немесе жылдамдығы төмен елді мекендер таңдалып алынған. Қазіргі уақытта Алтай және Глубокое аудандарындағы бірнеше ауыл мектептері осы интернетке қосылды.
Алайда Ресей Федерациясы мен Қытай шекарасына жақын орналасқан ауылдарды спутниктік интернетке қосуда қиындықтар туындады. Бұл туралы ШҚО Цифрландыру және архивтер басқармасының өкілі Арнұр Сапарғалиев мәлім етті.
«Шекара шебіндегі 28 ауылды интернетке қосу мүмкін болмай тұр. Ресей мен Қытай «Starlink-тің» қамту картасына кірмейді. Соның салдарынан Шығыс Қазақстан облысының аталған елдердің шекарасына жақын орналасқан елді мекендерінде спутниктік интернет қосу жұмыстарына кедергі келдіруде», - дейді ол.
Еске салсақ, биыл сәуір айында Шығыс Қазақстанда алғаш рет ауыл мектебі спутниктік интернетке қосылғаны хабарланған.