ШҚО-да шектеу шараларын бұзғандардан жарты млн теңге өндірілді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында карантин талаптарын сақтамағандардан жарты млн теңгеге жуық айыппұл өндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде арнайы құрылған мониторингілік топтар шектеу шараларының сақталуын қадағалау үшін қоғамдық көліктерде, дүкендерде, дәріханалар мен басқа да мекемелерде күн сайын рейд жүргізуде.

«16 наурыз күні Өскеменде 184 объекті тексерілді. Нәтижесінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзудың 6 фактісі тіркелген. Сонымен қатар бұрын анықталған бұзушылықтар бойынша айыппұл салынды. Келушілерге маскасыз қызмет көрсеткен дүкен сатушылары 262 530 теңге төлеуге міндеттелген», - делінген ШҚО Ақпарат орталығы таратқан мәліметте.

Семейде мониторингтік топтар тексеру кезінде 341 нысанды қамтыды. Сауда үйлерінде, базарларда және қоғамдық көліктерде маска тақпаған 9 адам анықталды. 218 775 теңге сомасына 5 хаттама толтырылған. Бұдан бөлек, 87 510 теңге мөлшерінде екі айыппұл өндірілді.

Риддерде 5 рейд өткізіліп, соның барысында 73 нысанға тексеру жүргізілді. Маска режимін бұзудың 5 фактісі тіркелген. Осыған дейін анықталған бұзушылықтар бойынша 87 510 теңге көлемінде 2 айыппұл салынды.