«Қазгидромет» РМК болжамына сәйкес, шілденің алғашқы күндерінде өңірге белсенді циклон әсер етіп, өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ жауып, жел екпіні күшеюі мүмкін.
Одан кейін аймақта қайтадан ыстық күшейгенімен, ұзаққа созылмайды.
- Шілденің алғашқы онкүндігінде Қазақстанның шығысында күндізгі ауа температурасы біртіндеп 30... 38 градустан 25... 35 градусқа дейін төмендейді. Кейін аптап ыстық нөсерлі жаңбыр, найзағай және желдің күшеюімен алмасып отырады», - деп мәлім етті «Қазгидромет» мамандары.
Айдың екінші жартысында да ауа райы тұрақсыз болады. Аптап ыстық салқындау күндермен және жауын-шашынмен кезектесіп отырады.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан шілде айында жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан жоғары болады деп болжанған өңірлердің қатарына енді. Синоптиктердің мәліметінше, ай бойы облыста 25-тен 85 миллиметрге дейін жауын-шашын түсуі мүмкін. Ал аймақтың оңтүстік бөлігінде бұл көрсеткіш көпжылдық орташа деңгейден сәл жоғары болады.
Жаңбырлы күндерге қарамастан, шілде айы жазға тән ыстығынан ада болмайды. Ең ыстық күндері ауа температурасы қайтадан 30 градустан жоғары көтеріледі.
Еске салсақ, осыған дейін АҚШ-та аптап ыстық салдарынан шамамен 162 миллион адамның өміріне қауіп төніп тұрғаны хабарланған.