ШҚО-да тазалық жұмыстарын жүргізіп жүрген жұмысшыны жүк тиегіш басып кетті

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Глубокое кентінде тұрмыстық қалдықтарды санитарлық тазалау жұмыстары кезінде 56 жастағы ер адам қаза болды. Жұмысшыны жүк тиегіш басып кеткен.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Жұмысшы жүк тиегіштің артында тұрған. Жүргізуші оны байқамай, ер адамды басып кеткен. Алған жарақаттарынан ол оқиға орнында көз жұмды.

Глубокое аудандық полиция бөлімі еңбек қауіпсіздігі қағидаларын бұзу, абайсызда адам өліміне әкеліп соғу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

— Тергеушілер жұмыс процесінің қалай ұйымдастырылғанын және жұмыстарды жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталған-сақталмағанын анықтауы тиіс. Қазіргі уақытта істің мән-жайын толық, объективті және жан-жақты зерттеуге бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-дағы кен орнынан шахта суын заңсыз төгу фактісі анықталғаны хабарланған.