ШҚО-дағы кен орнынан шахта суын заңсыз төгу фактісі анықталды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданындағы Верхнеберезовский ауылында қытайлық Dengbo Success Minerals Ltd компаниясы игеруді жоспарлап отырған Ново-Березов кен орны аумағынан шахта суын заңсыз төгу тоқтатылды.
Табиғатты қорғау прокуратурасы жағдайды бақылауға алды. Ал ШҚО Экология департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізуге дайындалып жатыр.
Бұған әлеуметтік желіде тараған видео себеп болған. Кадрларда су ағыны көбік және сарғыш түсті шөгінділер көрінеді. Ауыл тұрғындары жер бетіне нақты не төгілгенін және судың қайдан келіп жатқанын анықтауды талап етті.
ШҚО Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Әсет Сүлейменовтің айтуынша, компания бұған дейін шахта суын сорып шығару мәселесі бойынша жүгінген. Алайда оларға суды төгуге рұқсат берілмеген.
— Инвесторлар департаментке келіп, шахта суын сорып шығаратынын айтты. Біз оларға шахта суын төгер алдында зиянды қоспалардан нормативтерге дейін тазарту қажет екенін түсіндірдік. Олар тиісті құжаттаманы әзірлеуге кірісті. Бізден суды төгуге экологиялық рұқсат алған жоқ. Кейін әлеуметтік желілерде осындай видео тарады. Инвесторлар насостарды өз бетінше орнатып, суды сорып шығара бастағаны анықталды, — деді Әсет Сүлейменов.
Оның айтуынша, шахта суының төгілуі туралы ақпарат тарағаннан кейін жағдайға құқық қорғау органдары да араласқан.
— Прокуратура жағдайды бақылауға алды. Осыдан кейін насостар алынып тасталды. Қазір жоспардан тыс тексеруді тіркеп жатырмыз. Жақын арада оқиға орнына барамыз. Тексеру қорытындысы бойынша шахта суын заңсыз төгу фактісі анықталса, оларды әкімшілік жауапкершілікке тартамыз, — деді департамент басшысының міндетін атқарушы.
Судың құрамында қандай да бір ластаушы заттардың бар-жоғы әзірге анықталған жоқ.
Еске салсақ, осыған дейін СҚО-да ағын суды заңсыз ағызған кәсіпорынға 174 млн теңге айыппұл салынғанын жазғанбыз.