ШҚО-да Telegram-арналар арқылы сатылмақ болған 1 500-ден астам вейп тәркіленді

Фото: Polisia.kz

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында вейп сатумен айналысқандардың жолы кесілді. Бұл туралы ШҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Тимур Мұқанов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлім етті.

— Мемлекет басшысының вейп өнімдерін сатуға тыйым салу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында жүргізілген жұмыстар барысында Telegram-арналар арқылы вейп құрылғылары мен сұйықтықтарын заңсыз сатудың 3 фактісі анықталды. Әр арнаның мыңнан астам жазылушысы болған. Ал өнімдер Өскемен қаласының тұрғындарына таратылған. Тергеу нәтижесінде 1 500-ден астам вейп тәркіленіп, арна әкімшілері мен куәгерлерден жауап алынды. Үш істің екеуі сотқа жолданды, — деді ол.

Сондай-ақ өңірде қаржылық пирамидаларға қарсы күрес күшейтілген. Биыл сот шешімімен LiveGood және NeoETF қаржылық пирамидаларын жарнамалаған 3 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың бұқаралық ақпарат құралдарында шығу құқығы 3 айға шектелді.

Облыс бойынша қаржылық пирамида, заңсыз онлайн ойындар және криптовалюта бойынша 481, онлайн-казино және құмар ойындары бойынша 591, криптовалюта айырбастау қызметі бойынша 121 сілтеме бұғатталған. 

Еске салсақ, осыған дейін «Бипэк Авто» компаниялар тобынан мемлекетке 11,6 млрд теңгенің мүлкі тәркіленгені хабарланған.