Тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекцияның 2026-2027 жылдардағы эпидемиологиялық маусымы 1 қазанда басталып, 2027 жылғы 1 мамырға дейін жалғасады.
- Өткен маусымда облыста ЖРВИ-дің 216 982 жағдайы тіркелген. Оның 129 948-і 14 жасқа дейінгі балалардан анықталды. Бұл жалпы көрсеткіштің 59,8%-ын құрайды. Зертханалық жолмен тұмаудың 182 жағдайы расталды, оның 93-і балалар арасында тіркелген. 2024-2025 жылдардағы сәйкес кезеңмен салыстырғанда ЖРВИ көрсеткіші 9%-ға, тұмау 4,6 есе өскен. Алайда сырқаттану деңгейі көпжылдық бақылау көрсеткішінен асқан жоқ, - деп хабарлады ШҚО эпидемиологиялық бақылау департаментінен.
Өткен эпидемиологиялық маусымда коронавирус инфекциясының 2 жағдайы анықталған. Ал алдыңғы маусымда COVID-19-дың 25 жағдайы тіркелген.
- Өңірде жергілікті бюджет қаражатына тұмауға қарсы вакцинаның 75 мың дозасын сатып алу көзделген. Екпе науқаны 15 қыркүйекте басталып, 1 қарашаға дейін жалғасады. Вакцина облысқа 14 қыркүйекке жеткізіледі деп жоспарланған, - делінген ақпаратта.
Екпе алдымен жүкті әйелдерге, медицина қызметкерлеріне, балаларға, созылмалы аурулары бар және 60 жастан асқан тұрғындарға салынады. Қалған азаматтар вакцинаны өз қаражатына немесе жұмыс беруші есебінен ала алады.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыда ЖРВИ мен тұмау жұқтыру көрсеткіші 40 пайызға төмендегені хабарланған.