ШҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, толассыз жауған жаңбыр және таудағы еріген қар суының салдарынан Үйдене өзенінің деңгейі көтерілген.
«Зайсан ауданы «Жарсу-Бақасу» ауылдарының аралығындағы аудандық маңызы бар автомобиль жолындағы көпірдің шеткі бөлігін су шайып кетті. Жол жиегін қайта қалпына келтіру жұмыстары бүгін таңғы уақытта басталды», - делінген ақпаратта.
Көлік қозғалысына шектеу қойылмады. Жол бойында кезекшілік ұйымдастырылған.
Еске салсақ, осы айдың басында ШҚО-да көшкін қаупі сейіліп, халыққа тауға баруға рұқсат етілген болатын.