ШҚО-да вагоннан 160 мырыш құймасын ұрлағандар ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Полиция теміржол жүк вагонынан 160 дана «мырыш құйманы» ұрлаған 4 жігітті ұстады. Металдың жалпы құны 1 млн теңгеге бағаланып отыр.

ҚР ІІМ Көліктегі ІІД-нің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 18 қаңтарда Семей стансасының Ішкі істер желілік бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Шар стансасында жүк вагондарынан 160 мырыш құймасын ұрлаған 4 жігітті ізін суытпай ұстаған.

Аталған қылмыс ҚР ҚК 188-бабы (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Ұсталғандар аталған қылмысқа қатысты өз кінәларын мойындады. Ұрланған заттар тәркіленіп алынды.