ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданында жалған вакцина паспортын қолданған адамға қатысты іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, аудандық ПБ қызметкерлері COVID-19 инфекциясына қарсы екпе алғандығы туралы жалған электронды паспортты пайдалану фактісін анықтады.
«Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шаралары барысында 29 жастағы аудан тұрғынын ұстады. Жалған вакцина паспортын қолданғаны үшін оған қатысты қылмыстық іс қозғалды», - деді облыстық ПД бастығы Сағат Мәдиев.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 385-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Азамат қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынуы мүмкін.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.