ШҚО-да жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 300-ден астам адам жауапқа тартылды
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда өңірдегі жағдай тұрақты. Төтенше жағдай кезінде полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқаруды жалғастыруда.
«Блокпосттар арқылы көліктердің жүріп-тұруына, кіруіне және шығуына шектеулер енгізілді. Онда құжаттар, жеке заттар, автокөліктер мен жүктер тексерілуде. Сондай-ақ облыс бойынша көпшілік жиналатын іс-шараларды өткізуге тыйым салынған. Коммуналдық объектілер штаттық режимде жұмыс істеуде. Шығыс Қазақстандағы тәртіпсіздіктер кезінде тонау фактілеріне жол берілген жоқ. Қоғамдық көлік тұрақты қатынауда, ал облысішілік автобус жұмысы қалпына келтірілді», - делінген ақпаратта.
Жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 322 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 80 адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұдан бөлек, 8 іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
«Облыс бойынша 92 полицей мен Ұлттық ұланның 19 әскери қызметшісі жарақат алды. Тәртіпсіздікке қатысқандар ішінен 100-ден астамы жарақат алып, 3 азамат көз жұмды», - делінген хабарламада.