ШҚО-да желтоқсанда аяз түсіп, қалың қар жауады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Желтоқсанның алғашқы күндерінде-ақ Шығыс Қазақстан облысына нағыз қыс келді. Өңірде боран соғып, аяз түсті.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, желтоқсан айының басында облыста ауа райы құбылмалы болады.
— Желтоқсанның алғашқы күндерінде температура 0…-8°C шамасында сақталады. Алайда атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты ауа райы жиі құбылады. Қар жауып, боран соғып, көктайғақ болады. Шығыс пен оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында қар мол түсуі мүмкін, — делінген ақпаратта.
Негізгі өзгерістер бірінші онкүндіктің соңында күтіледі. Бұл кезеңде өңірге солтүстік-батыс антициклоны арктикалық ауа массаларын әкеледі.
— Кей күндері түнгі температура -23°C-қа дейін төмендеп, күндіз -5…-13°C аралығында болады. Бұл желтоқсан үшін қалыпты жағдай, бірақ айдың басымен салыстырғанда айырмашылық айтарлықтай сезіледі, — дейді синоптиктер.
Екінші және үшінші онкүндіктерде, әсіресе түнде аяз күшейе түседі. Температура -15…-20°C пен -5…-10°C аралығында құбылып, кей кездерде -25…-35°C-қа дейін төмендеуі мүмкін. Күндізгі уақытта ауа температурасы нөлге жақын немесе -10°C шамасында болады.
Сонымен қатар желтоқсан айында қарлы күндер ашық әрі тынық ауа райымен алмасып отырады. Кей жерлерде боран, тұман және көктайғақ болады.
Еске салсақ, бұған дейін 3 желтоқсанда ауа райы күрт өзгеретіндігі хабарланған.