ШҚО-да жыл басынан бері 100-ден астам адам вакцина салдырудан бас тартты

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында биыл 105 адам вакцина салдырудан бас тартты.

Фото: акимат Астаны

ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңір халқы арасында осы жылдың басынан бері вакцина алғаннан кейінгі жағымсыз әсерлер тіркелмеген.

— Алайда кейбір тұрғындар әлі де екпе алудан бас тартып жатыр. Биыл профилактикалық екпелерден бас тартудың 105 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 97-сі жеке сенімдерге байланысты, бесеуі вакцинаға сенімсіздік танытса, тағы үш жағдай бұқаралық ақпарат құралдарынан алынған жағымсыз ақпараттың әсерінен болған, — делінген ақпаратта.

Екпеден бас тарту жағдайлары ең көп Өскемен қаласында (80) және Глубокое ауданында (14) тіркелді. Жас ерекшелігі бойынша ең көп бас тарту бір жасқа дейінгі балаларға салынатын екпелерге қатысты болып отыр. 

— Халықты вакцинациялау нәтижесінде дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызамық, эпидемиялық паротит, қызылша, В вирустық гепатиті, полиомиелит, туберкулез және гемофильді инфекция сияқты жұқпалы аурулардың таралу деңгейі айтарлықтай төмендеді. 2008 жылы екпе күнтізбесіне гемофильді инфекцияға қарсы вакцина енгізілді. Содан бері елімізде нәрестелер өлімі 20,2 пайызға төмендеді, — делінген хабарламада.

Еске салсақ, осыған дейін Ақмола облысында тіркелмеген 7 мыңнан астам жылқы мен жалған вакцинация дерегі анықталғаны хабарланған.