Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, 2026 жылдың бірінші тоқсанында тәртіп сақшылары есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына байланысты 54 қылмысты анықтаған.
— Оның ішінде 19 қылмыстық теріс қылық және 35 есірткі қылмысы тіркелген. Атап айтқанда, есірткі өткізудің 30 дерегі және есірткі өсімдіктерін заңсыз өсірудің 1 фактісі анықталған. Сонымен қатар құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіруге арналған фитозертхана және синтетикалық есірткі дайындайтын зертхана жойылды, — дейді департаменттің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Абай Бақтияров.
Заңсыз айналымнан 32 келіден астам есірткі заттары тәркіленді, оның ішіндегі 12 келіден астамы — марихуана.
— Синтетикалық есірткілерді тәркілеу бойынша оң динамика байқалады. Өткен жылдың осы кезеңінде 996 грамм тәркіленсе, биыл бұл көрсеткіш 20 келіден асты. Нашақорлықтың алдын алу жұмыстарына да ерекше көңіл бөлініп келеді. Жыл басынан бері 35 мыңға жуық адамды қамтыған 197 профилактикалық іс-шара өткізілді, — дейді А.Бақтияров.
Өз сөзінде ол 2026-2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар құрылғанын жеткізді.
Еске салсақ, осыған дейін Талдықорғанда есірткі сату арнасы әшкереленгені жайлы жазғанбыз.