Ерзат Ғазезов 9 маусым күні ата-анасымен қаладағы асханалардың бірінде түстенген. Содан кейін ол хабарсыз кеткен. Алғашында студенттің жақындары оны өз күштерімен іздеп табуға тырысқан екен.
«Біз полицияға хабарласқанда 3 тәуліктің ішінде табылмаса, іздеуге кірісетіндерін айтты. Бүгін арыз жаздық. Олар қала ішінде іздеу жұмыстарын қолға алып, облыстың барлық аудандарына хабар жіберетіндерін мәлім етті. Ерікті топтар да іске араласып жатыр. «Көрдім, білдім» деген бір адам болсашы» - дейді Ерзаттың әпкесі.
Перизат Касебаева інісінің Д.Серікбаев атындағы техникалық университеттің колледжінде құрылысшы мамандығы бойынша білім алып жүргенін айтады. Әке-шешесі Ұлан ауданына қарасты Алғабас ауылында тұратындықтан, Ерзат Өскеменде туысқандарының үйінде тұрып келген. Әпкесінің айтуынша, ол бұған дейін хабарсыз кетіп көрмеген.
«Ешқандай ерсі қылығы жоқ болатын. Жоғалғанын хабарлағанымызда бәрі ақыл-есінің саулығын сұрады. Жүйкесінде ешқандай кінәрат жоқ. Неге екені белгісіз, телефонын үйге қалдырып кетіпті. Одан ешбір маңызды ақпарат таппадық. Достары оның бірнеше рет Семейге барып-келгенін айтады. Онысын біз білмегенбіз. Уақыт өткен сайын не ойлау керектігін де білмейді екенсің» - дейді Перизат Касебаева.
Ерзат Ғазезов жоғалған күні үстіне қара джинсы мен жеңсіз жейде, қара кроссовка киіп жүрген. Қолында қара күртесі болған. Негізгі белгілері: бойы - 160 см, оң аяғынан сылтып басады.
Туыстары Ерзатты көрген, білген адам болса, 8-777-790-84-34 телефонына хабарласуды сұрайды.