ШҚО-да ЖРВИ жұқтырғандар саны 100 мыңға таяп қалды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында ЖРВИ-ге шалдыққандар саны артып келеді.
ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, 1 қазаннан бері облыста ЖРВИ-ге 93358 адам шалдықты. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі бала саны — 58 517. Яғни, ауырғандардың басым бөлігі (62,68%) балалар арасында тіркелген.
— Бір жасқа дейінгі 1060 сәби аталған инфекцияны жұқтырды. Жүкті әйелдер арасында 276 жағдай тіркелді. Бұдан бөлек, тұмаудың зертханалық расталған 73 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі бала саны — 37, — дейді департамент басшысы Қанат Тұрдиев.
Өңір жұртшылығына ЖРВИ белгілері бар адамдардан аулақ болуға, үй ішін жиі желдетіп отыруға, дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстануға кеңес берілді.
Биыл ЖРВИ және тұмаудың эпидемиялық маусымында жергілікті бюджет есебінен 76,7 млн тенгеге тұмауға қарсы Гриппол плюс вакцинасының 75000 дозасы сатып алынған. Жұмыс берушілер есебінен және ақылы түрде екпе салу үшін 2000 доза алынды. Осылайша, қазіргі таңда облыс бойынша 77 000 адам тұмауға қарсы екпе салдырды. Бұл өңір тұрғындарының 10%-нан асады.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде ЖРВИ жұқтырғандар көбейіп, ауруханаларда шектеу шаралары енгізілгені хабарланған.