ШҚО-дағы Бұқтырма өзенінде су деңгейі көтеріліп, 13 үй ауласын су басты

Фото: Фото: ШҚО әкімдігі

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында Бұқтарма өзенінің су деңгейінің көтерілуі мен Поганка өзеніндегі жер асты суларының жоғарылауынан үйлерді су басу қаупі туындады.

30 сәуірден бері мол жауын-шашын жауып, қардың жылдам еруі Бұқтырма өзеніндегі судың сыни деңгейден асып кетуіне себеп болды. Сонымен қатар Зубовск кентінде жер асты суларының көтерілуі салдарынан 10 тұрғын және 3 тұрғын емес үйдің ауласын су басты.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Алтай ауданына барды. Ол үйлерді су басу қаупі бойынша жағдаймен танысып, қабылданып жатқан шараларды тексерді.

Фото: ШҚО әкімдігі

— Облыстық ТЖД күштерімен бақшалардан 4250 текше метр су сорылып, 2000 дана ыдыс-қап төселді. Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың уақтылы және үйлесімді әрекеттерінің арқасында тұрғын үйлерді су басуға жол берілген жоқ. Бөгетті нығайту үшін 980 тонна тау жынысы жеткізілді, 2000 дана қап дайындалып, дренаж учаскелерінде бөгеттің ішкі бетіне ұзындығы 60 метр полиэтилен үлдір төселді, — деп хабарлады өңір әкімінің баспасөз қызметінен. 

Фото: ШҚО әкімдігі

Су деңгейіне мониторинг тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Халықты эвакуациялау қажеттілігі туындаған жоқ. Қазір Бұқтарма өзеніндегі су деңгейі 73 см-ге төмендеп, 535 см-ді құрады. Қауіптің шегі артта қалды. Су тасқыны жағдайы өңірлік штабтың тұрақты бақылауында.
Еске салсақ, осыған дейін СҚО-да тасқын кезінде квадроциклмен қап тасыған баланың ата-анасына айыппұл салынғаны хабарланған.