Кей нысандарда бұған қаржыландырудың жоқтығы себеп болса, енді бірінде қайта жаңғырту жұмыстары мен жобалық құжаттаманы әзірлеу әлі жалғасып жатыр.
ШҚО Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Әсет Сүлейменовтің айтуынша, жылына 500 тоннадан астам ластаушы зат шығаратын 21 кәсіпорында автоматтандырылған мониторинг жүйесі жұмыс істеуі тиіс.
Бүгінде мұндай жүйелер 15 кәсіпорында орнатылған. Оның ішіндегі 13-і қоршаған орта жөніндегі Ұлттық деректер банкіне мәліметтерді тұрақты түрде жолдап отыр. Ал «Өскемен Водоканал» ШЖҚ КМК мен «Востокэнерго Усть-Таловка» ЖШС-де жабдықтар орнатылғанымен, іске қосу-баптау жұмыстары аяқталмағандықтан, әзірге ақпарат берілмей отыр.
– Автоматтандырылған мониторинг жүйесі әлі енгізілмеген алты кәсіпорынның төртеуі коммуналдық меншікке жатады. Барлық нысандарға тексеру жүргізілді. Кейбірінде объективті себептер болса, енді бірінде белгіленген мерзімдердің сақталмауына қатысты мәселелер бар, – деді Әсет Сүлейменов.
Мәселен, «Айтас-энерго» ЖШС мониторинг жүйесін уақтылы орнатпағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, қаржыландыру мәселесін шешу үшін Ұлан ауданы әкімдігіне жолданған.
Сондай-ақ «Востокмашзавод» кәсіпорнында да автоматтандырылған мониторинг жүйесі әлі орнатылмады. Бұған дейін кәсіпорын экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылғанымен, жүйені енгізу жөнінде түпкілікті шешім қабылданбаған.
Қаржыландыру мәселесі Алтай қаласының «Жылу су орталығы» коммуналдық кәсіпорнында да шешімін күтуде. Тиісті бюджеттік өтінім берілген.
Тағы екі нысанда жұмыстар жалғасып жатыр. Риддер жылу электр орталығында автоматтандырылған мониторинг жүйесінің жобасын әзірлеуге келісімшарт жасалған. Орталық «Шығыс Жылу» АҚ қарамағына өткеннен және тариф бекітілгеннен кейін жүйені орнату жоспарланып отыр.
Осы сынды жұмыстар Өскемендегі «Шығыс Жылу» АҚ нысандарында да жүргізіліп келеді. Жоба қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр және №2 қалалық қазандықты қайта жаңғырту әрі кеңейту жұмыстарымен қатар жүзеге асырылмақ.
Экология департаментінің мәліметінше, автоматтандырылған мониторинг жүйелері өндірістік шығарындылар көлемін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді және ірі кәсіпорындардың экологиялық талаптарды сақтауына тұрақты бақылау жүргізуді қамтамасыз етеді.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да биыл абаттандыру қағидалары 5 мыңнан астам рет бұзылғаны хабарланған.