ШҚО-дағы Малоубинка ауылында қатты дауылдан үйлер мен шаруашылық құрылыстар бүлінді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданындағы Малоубинка ауылында қатты жел тұрғын үйлер мен шаруашылық құрылыстарға зақым келтірді.

Фото: видеодан алынған скрин

Алдын ала мәлімет бойынша, дауыл салдарынан бірнеше тұрғын үйдің шатыры ұшып, ауладағы шаруашылық ғимараттар бүлінген. Қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тұмашиновтың айтуынша, мамандар зардап шеккен нысандарды толық тексеріп болғаннан кейін тұрғындарға қажетті көмек көрсетіледі.

— Дауылдың салдары шынымен де ауыр. Қатты жел тұрғын үйлердің шатырын ұшырып, шаруашылық құрылыстарға зақым келтірді. Қазір біздің басты міндетіміз — келтірілген шығынды жедел бағалап, көмекке мұқтаж тұрғындарға мүмкіндігінше қолдау көрсету. Малоубинка ауылының тұрғындары қиындықта жалғыз қалмайды, — деді ол.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, тексеру жұмыстары аяқталғаннан кейін қалпына келтіру жұмыстарының көлемі айқындалып, зардап шеккендерге көмек көрсету тетіктері белгіленеді.

Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде қатты желден 5 үйдің шатыры бүлінгені хабарланған.