ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл өндірісте зардап шеккендер саны біршама азайып отыр.
«Жыл басынан бері өңірдегі өндіріс орындарында биыл 82 адам жарақат алды. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 30 пайызға аз. Жараланғандар ішінде 6 адам көз жұмды. Ал 40-тан астамы ауыр дәрежедегі дене жарақатын алған», - дейді басқарма басшысы Бақытбек Қизатов.
Оның айтуынша, облыста өндірістегі жарақаттану көрсеткішін азайту мақсатында бірқатар шара қолға алынған. Соның бірі – «Халықтық бақылау» жобасы. 60-тан астам адамнан құрылған арнайы топ 14 кәсіпорында бақылау жүргізуде. Олар жұмыстың қауіпсіз жүргізілуін қадағалап, қызметкерлерге кеңес беруде.
Еске салсақ, 11 қазанда ШҚО-дағы кеніште екі жұмысшы топырақ астында қалған болатын. Абырой болғанда, екеуі де аман-есен шығарылды.