ШҚО-дағы өзен-көлдердегі су сапасын тексеру үшін 120-дан астам сынама алынды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында шомылу маусымы басталғалы бері мамандар халық көп демалатын орындардан 120-дан астам су сынамасын алып, зерттеді.

Фото: Pyxabay.com

ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, мониторинг облыстағы барлық жағажай аумақтарын қамтыған.

Атап айтқанда, «Катлован» ауданындағы коммуналдық жағажайда, «Самал» саябағында, Бұқтырма су қоймасында, басқа да көлдер мен өзендер жағалауында орналасқан демалыс аймақтары мен балалардың жазғы сауықтыру лагерьлерінде бақылау жүргізілді.

- Зертханалық зерттеулер 14 бақылау нүктесінде жүргізіліп, жалпы саны 121 су сынамасы алынды. Олар микробиологиялық, санитарлық-химиялық, паразитологиялық және вирусологиялық көрсеткіштер бойынша тексерілді. Зерттеулердің барлық нәтижелері гигиеналық нормативтерге толық сәйкес келді, - дейді департамент басшысы Қанат Тұрдиев.

Яғни, Шығыс Қазақстанның жағажайларында су сапасына қатысты қауіпті вирустар анықталған жоқ. Департамент мамандары өзен-көлдердегі су сапасын бақылауды шомылу маусымы аяқталғанға дейін жалғастырады.

Еске салсақ, осыған дейін Алакөлде шомылу маусымы басталғалы бері 10 бала жоғалғаны хабарланған.