Тас көшкінінің құлауына аталған жолдың 25-шақырымында болған ұзаққа созылған әрі толассыз жауын-шашын себеп болуы мүмкін. Ылғал тау жыныстарындағы терең жарықтарға сіңіп, тастардың салмағын арттырған.
Бұған қоса, су ағындары тау беткейінің табанын шайып, топырақтың ұсақ бөлшектерін ағызып кеткен. Ақырында ірі тас кесектері опырылып, жолдың жүріс бөлігіне құлады. Мамандар көшкіннің ең ықтимал себебі осы деп отыр.
Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде қызу талқылау басталды. Халық куәгерлерге көліктерін тоқтатып, өзге жүргізушілерге кедергі келтірмеу үшін жолдағы ұсақ тастарды өз беттерінше тазалауға кеңес берген. Алайда жол саласына жауапты мекеме басшылығы мұндай әрекетті адам өміріне төнетін үлкен қауіп деп санайды.
— Егер жолда тас құлағанын байқасаңыз, қауіпсіз қашықтықта тоқтап, тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс орталығына хабарласып, қауіп туралы мәлімдеңіз. Жалпы, тасжолдарда патрульдік бақылау тұрақты жүргізіледі. Жүргізушілерге көліктен шықпай, жолды өз бетінше тазалауға әрекет жасамауға кеңес береміз. Өйткені кез келген сәтте тастар қайта құлауы мүмкін. Қазір қауіпті таулы беткейлердің барлығына визуалды тексеру жүргізуді жоспарлап отырмыз, — дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚО филиалының директоры Нұрбек Темірханов.
Еске салсақ, бұған дейін ШҚО-да республикалық маңызы бар жолдың бір бөлігін тас көшкіні басып қалғаны хабарланған.