ШҚО-да қандастарға арналған бағдарлама қаншалықты тиімді болды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстанда жыл сайын халқы азайып бара жатқан ауылдардың отын сөндірмес үшін түрлі бағдарламалар іске асып жатыр. Оның ішінде еңбек күші артық өңірлерден жұртты көшіру мен қандастарды Отанына оралту мақсатындағы бағдарламалар көзге бірінші түседі. Бірақ олар қаншалықты жемісті деген заңды сұрақ туындайды. Бұл мақалада сол сауалға жауап беруге тырыстық.
Сегіз жылдағы статистика
Қазан айының аяғында сайтымызда Жұрты көшіп, жүдеген ауылдар: ШҚО-да он жылда 30 ауыл картадан ғайып болды атты мақала жарияланған болатын. Онда өңір бойынша бұқарасы азайған талай елді мекеннің жойылғанын, қазір 25 ауылда 50-ден аз адам тұратынын, Қытаймен шектесетін Шығыс Қазақстан үшін шекаралық ауылдар мәселесі стратегиялық маңызға ие екендігін жаздық.
Қалаға бір көшкен адамның ауылға қайтып баруы қиын. Сондықтан тойы тарқап, думаны сарқылған ауылдың тіршілігін түрлендіріп, тұрмысын гүлдендіру үшін әр қилы бағдарламаларды қолға алған жөн.
Осы ретте Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы мен «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын атап өтуге болады.
Бұл бағдарламардың облыстағы нәтижесі қалай екенін білу үшін ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына сауалхат жолдадық.
— 2017-2024 жылдар аралығында еңбек күші артық — Алматы, Жамбыл, Жетісу, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан Шығыс Қазақстанға 3 247 адам (1 256 отбасы) қоныс аударды. 2017 жылы — 220, 2021 жылы — 383, 2018 жылы — 551, 2022 жылы — 376, 2019 жылы — 602, 2023 жылы — 372, 2020 жылы — 309, 2024 жылы — 434 адам көшіп келген, — дейді басқарма басшысының орынбасары Динара Қожанова.
— Осы жылдар ішінде көшіп келген отбасыларға барлығы 1 млрд 621 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Оның ішінде баспана сатып алуға — 501 млн теңге, баспана жалдауға — 463 млн теңге, жол шығынын өтеуге — 657 млн теңге. 2024 жылдың қазан айындағы жағдай бойынша ШҚО-ға еңбек күші артық өңірлерден 434 адам (138 отбасы) қоныс аударды. Оның 109-ы — Алматы облысынан, 45-і — Жетісу облысынан, 37-і — Жамбыл облысынан, 14-і — Қызылорда облысынан, 88-і — Түркістан облысынан, екеуі — Маңғыстау облысынан, 35-і — Шымкент қаласынан, 74-і — Алматы қаласынан, 30-ы — Астана қаласынан. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда келгендер саны 31%-ға артқан. 2025 жылы 372 адамды қабылдау жоспарланып отыр, — дейді Динара Қожанова.
Сондай-ақ 2017-2024 жылдар аралығында облысқа 2 137 қандас (644 отбасы) келді.
Оның ішінде 2017 жылы — 467, 2018 жылы — 594, 2019 жылы — 260, 2020 жылы — 111, 2021 жылы — 104, 2022 жылы — 107, 2023 жылы — 259, 2024 жылы — 235 адам.
Қандастар Қытай Халық Республикасы, Моңғол Халық Республикасы, Ресей Федерациясы мен Өзбекстан Республикасынан көшіп келген.
— Облысқа қоныс аударған қандастарға барлығы 958 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілген. Үй сатып алуға — 518 млн теңге, баспана жалдауға — 184 млн теңге, жол шығынын өтеуге — 256 млн теңге берілді. Биыл Шығыс Қазақстанға 235 қандас (73 отбасы) қоныс аударды (ҚХР — 132, Моңғолия — 97, Өзбекстаннан — 5, Ресейден — 1 адам). Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6%-ға кем. Келер жылы 269 қандасты қабылдау жоспарланып отыр, — дейді ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары.
Қоныс аудару бағдарламасына қатысушылар тұрақты және уақытша жұмыс орнымен (субсидияланатын ақылы қоғамдық жұмыс, әлеуметтік жұмыс орындары, жастар іс-тәжірибесі, «Күміс жас» жобасы) қамтылыпты.
Жеке кәсібін бастау үшін курстарға қатысып, қайтарымсыз мемлекеттік грант та алған.
— Қоныс аударушылар мен қандастарды азаматтық қоғамға тарту үшін осы жылдан бастап еңбек күші артық және еңбек күші тапшы өңірлердің жергілікті атқарушы органдарының өзара іс-қимыл алгоритмі енгізілді. Алгоритмге сәйкес, ақпараттық, заңгерлік, әлеуметтік, медициналық және білім беру қызметтерін көрсету аясында қандастар мен олардың отбасы мүшелеріне бекітілген жеке бейімдеу жоспары әзірленген. Сол бойынша «FSMSocial» мобильді қосымшасы арқылы 26 қызмет түрі көрсетіледі. Қоныс аудару бағдарламасына қатысушыларға әр қала мен ауданда бейімделуіне жәрдемдесу мақсатында әкімдіктерден көшіру мәселелері жөніндегі жауапты мамандар бекітілген. Сондай-ақ аудандар мен қалаларда жеке көмекшілер де тағайындалған. Осы мақсатта 2024 жылға облыстық бюджеттен 50 млн теңге бөлінді. Жалпы, алгоритм қоныс аударушылар мен қандастардың жаңа тұрғылықты жердегі ортаға тез сіңісуін қамтамасыз етіп, көші-қон бағдарламасын тиімді жүзеге асыруға оң септігін тигізеді, — дейді Д.Қожанова.
Құлқынның құлдары
Бір қарағанда бағдарламада бәрі ойластырылған, тап-тұйнақтай секілді көрінеді. Алайда олай болмай шықты. Тексеріс жүргізген прокуратура талай заңсыздықтың бетін ашты.
— Қоныс аудару бағдарламасын іске асыруға бөлінген мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына талдау жасалды. Соның нәтижесінде жалған құжат жасап, 1 млрд теңгеден астам қаражатты жымқыру фактілері анықталды. Қоныс аударушылар болып өтірік адамдар есепке алынып, ал құжаттар төмен бағамен сатып алынған тұруға жарамсыз немесе апатты ғимараттарға рәсімделген. Кейбір жағдайларда азаматтар өздерінің құжат бойынша қоныс аударылғанын тіпті білмеген де. Мұндай фактілер ШҚО, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Абай және Ұлытау облыстарында тіркелді. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, — деп хабарлады Бас прокуратурадан.
Заңды белшесінен басқандар бұл ғана емес. ШҚО-да Моңғолиядан келген қандастар үй алуға берілген ақшаны жымқырып келген.
— Өңір прокуратурасы басқа елдерден азаматтарды көшіру үшін тұрғын үй сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын ұрлаудың қылмыстық схемасын анықтады. Қаражат жалған сатып алу-сату келісімі және үй сатушылармен сөз байласу арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, ұрланған. Оларға мансап орталығының қызметкері көмектесіп отырған. Мәселен, 2024 жылдың басында Моңғолиядан қоныс аударған үш отбасы жалпы сомасы 18 млн теңгеге тұрғын үй сатып алуға келісімшарт жасасқан. Ал шынында үйдің бағасы 9 млн теңге тұрған. Осылайша, қандастар мен шенеунік 9 млн теңгені қалтаға басқан. Ол ақшаны жеке қажетіне, соның ішінде көлік сатып алуға жұмсады, — деп хабарлады облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен.
Тағы бір жағдайда қоныс аударушы 8 млн теңге сомасында үйді сатып алу-сату шартын жасасқан, оның 4 млн теңгесі экономикалық ұтқырлық сертификаты арқылы төленген.
— Тексеру барысында сатып алынған үйдің қирағаны, тұруға жарамсыз екені, ақшаны заңсыз алу мақсатында жалған келісімшарт жасалғаны анықталды. Осы фактілер бойынша облыс прокуратурасы сотқа дейінгі тергеу бастады, — делінген ақпаратта.
Сабын жасап сатады
Өңірге келген қандастардың арасында төрт түлік ұстап, мал шаруашылығымен айналысуды құп көретіндер аз емес. Алыпсатарлықпен де табыс тауып отырғандар көп.
Бірақ арасында ерекше кәсіп ашқандар да бар. Соның бірі — Өскемен іргесіндегі Шығыс ауылында тұратын Жігер Боранбай. Ол кір сабын жасап, сатылымға шығарған.
— Өз қаражатымнан 2 млн теңге ақша құйып, Алматыдан станок алдырдым. Басында сабын үгітіліп, ойдағыдай шықпады. Ақырындап тәжірибе жинақтап, жұмыс жолға қойылды. Күніне 1000 сабын шығады. Сұраныс кейде күрт көбейеді, бірде азайып қалады, — дейді ол.
Жігер Боранбайдың Қытайдың Қаба ауданынан үлкен бір отбасы болып көшіп келгеніне 4 жылдан асты. Әйелі, ұлы, келіні мен немерелері қасында.
— Сабынды қаладағы базарларға апарып та сатамыз. Үй ауласындағы шағын контейнерді цех қылдық. Кір сабын — тоң май, сұйық май және каустик содасынан дайындалады. Тоң майды қайнатқан соң станокқа құямыз. Кір сабын қалпына түсіп, станок қосылады да шыққан кір сабынды жинап отырамыз, — дейді Жігер Боранбай.
Оның айтуынша, құрал-жабдықты Алматыдан алдырған тиімдірек. Қытайдан жеткізу үшін шығын көп кетеді.
Жігер Боранбай Қаба ауданындағы жақындары тегіс Қазақстанға өтіп, түгелдей осында екенін айтты. Азаматтық алу үшін біраз күту керек. Әзірше ықтиярхатпен жүр.
— Бұрындары қандастардың атажұртқа оралуға ықыласы ерек еді. Қазір көбінің баласы сондағы оқу орындарына түсіп, үйренісіп кетті. Ал Қазақстанға қоныс аударса, қазақ тілінің өзін меңгеру қиынға түседі. Өзімнің екі немерем бірінші сыныпты Қытайдан оқып шыққан. Оларды мұндағы мектепке берген кезде басында көп нәрсені ұға алмады. Бала ғой, өздері де ынта білдіріп, қазір біршама үйреніп қалды, — дейді кәсіпкер.
Қорыта айтсақ, осындай игі бағдарламалар ойдағыдай іске асырылса нәтижесі жемісті, пайдасы ұшан-теңіз болары сөзсіз.
Алайда оны іске асыру барысын құзырлы органдар жіті бақылауға алмаса «бармақ басты, көз қыстыға» баратындар бетімен кетпек.