Өңірде аптап ыстыққа байланысты су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында ШҚО ТЖД құтқарушылары халық көп шоғырланатын демалыс орындарын бақылап жүр.
— Бұқтырма су қоймасы аумағында қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау мақсатында рейд өткізілді. Рейд барысында ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша 3 құқықбұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жедел әрекет ету үшін құтқарушылар қуатты қозғалтқыштармен, навигациялық құралдармен, байланыс жүйелерімен және тиісті жабдықтармен жарақтандырылған заманауи катерлерді пайдаланады, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Жазғы жаз басталғалы бері ТЖД қызметкерлері 200-ден астам рейд жүргізді. Олардың басты мақсаты — судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу. Мыңдаған демалушы қамтылып, оларға су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.
Судағы қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан шомылу маусымы басталғалы бері облыста 2 адам суға батты. Қайғылы оқиғалар жабдықталмаған шомылу орындарында болған.
Еске салсақ, осыған дейін Алакөлде шомылу маусымы басталғалы бері 10 бала жоғалғаны хабарланған.