ШҚО мектептерінде оқушылар әлі күнге дейін ескі мәзір бойынша тамақтанады
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Ел өңірлерінің мектептерінде жаңа стандарт бойынша ас мәзірі әлдеқашан енгізілсе, Шығыс Қазақстанда жағдай әлі өзгеріссіз. Соның салдарынан кәсіпкерлер шығынға батып жатыр.
Мектептегі тамақтану мәселесі Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұровтың ШҚО және Абай облысы кәсіпкерлерімен өткен кездесуінде талқыға салынды.
— Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен мәзір өңірлердегі ерекшеліктер мен нарықтағы нақты бағаларды ескермейді. Бір балаға бөлінетін 722 теңге жеткіліксіз. Ал мәзіріне енгізілген кейбір тағамдарды балалар жегісі келмейді. Соның салдарынан кәсіпкерлер табыс таппай, керісінше шығынға батады, — деді Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану қауымдастығының төрағасы Марина Лаптева.
Оның айтуынша, Шығыс Қазақстанда жаңа мәзір әлі бекітілмеген. Ал өзге өңірлерде жаңа нормалар енгізіліп, олардың тиімділігі бағаланып жатыр. Кездесуге қатысушылар мәселе қыркүйектен бері талқыланып келе жатқанын, бірақ әлі нақты шешім жоқтығын жеткізді.
Бизнес өкілдері өңірдегі ерекшеліктер мен маусымдық өнімдерді ескеру үшін өзара алмастырылатын азық-түлік тізімін кеңейтуді ұсынды.
Бизнес-омбудсмен Қанат Нұров бұл мәселе қағаз жүзінде емес, нақты іспен шешілуі қажеттігін айтты.
— Кәсіпкердің дамуына жағдай жасау — басты міндетіміз. Ол бюрократиямен емес, іспен айналысуы керек. Көтерілген барлық сұрақ қаралып, әрқайсысы бойынша нақты шешім қабылданады, — деді ол.
Еске салсақ, осыған дейін Елордалық мектепте оқушылардың қауіпсіздігі мен тәртібін жасанды интеллект бақылайтыны хабарланған.