ШҚО мен Абай облысында тұрғындар ашыққан аюлардан үрейленіп отыр

Фото: Видеодан скрин

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында жаз бойы май қорын жинап үлгермеген аюлар қыста қалың ұйқыға кетпеуі мүмкін. Себебі олар қоректенетін ағаштар, жидектер, кедр жаңғақтары аз өнім берген. Бұдан маңайдағы ауыл жұрты зардап шегеміз бе деп қауіптеніп отыр.

Шығыс Қазақстан тұрғындары көктемде елдімекен маңайын аю кезіп жүргенін айтып талай мәрте шағымданған еді. Әсіресе Риддер, Серебрянск қалалары, Поперечное, Михайловка және Глубокое ауылдарының халқы түз тағысын көргендіктерін айтып, құзырлы органдарға жиі хабарласқан. Соның салдарынан олар әлі күнге дейін түнде далаға шығуға қорқып отыр.

— Тұрғындардан әр апта сайын шағым түседі. Жануарлар мемлекет қарауында болғандықтан оларды түгел атып тастай алмаймыз. Біздің инспекторлар шағым түскен жерге барып, қатты дыбыс пен жарықты қолдану арқылы аюды үркітіп, ауыл маңынан алшақтатуға тырысады, — деді Орман және аңшылық жедел әрекет ету жасағының инспекторы Вадим Литвиненко.

Фото: Видеодан скрин

Сондай-ақ инспектор жидек пен жаңғақтардың жетіспеушілігінен қорек іздеген маймақ аң омарталардағы бал қалдықтарының иісіне қарай бет алатындығын айтты. Ауыл маңында мал сойғаннан қалған қалдықтар да аюлардың жайылымдағы малға шабуына себеп болып жатады. Серебрянскідегі балық цехінен шығатын иіс те жыртқыш аңды өзіне тартады.

Дәл осындай мәселе Абай облысында да туындап отыр. Халық маймақ аңның маза бермейтінін айтып шағымданды. Әсіресе Жарма ауданының тұрғындарынан арыз-шағым көп түсіп жатыр. Бұған қатысты Kazinform тілшісіне аудан әкімінің орынбасары Райым Жолдасбеков жауап берді.

— Жарма ауданы Қалбатау ауылында тамызда бал омарталарына қоңыр аюдың шабуылдағаны туралы бірнеше ақпарат келіп түсті. Осыған қатысты жергілікті атқарушы орган өкілдері, құқық қорғау органдары, тиісті басқарма басшылары бірлесіп, мемлекеттік үлгідегі аңшылық куәлігі бар және қаруды сақтау мен алып жүруге рұқсаты бар 28 адамнан құралған арнайы комиссия құрды. Бұл комиссия тұрғындардан шағым түскен жерге баруға әзір отыр. Көктемде аю бір ірі қараны жарып тастаған. Одан өзге мұндай жағдай тіркелген жоқ, — деді ол.

Жарма аудандық полиция бөлімі әлеуметтік желілер мен мессенджерлік чаттарда Георгиевка ауылында екі тұрғынды аю жеп кетті деген жалған ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

— Ел арасында Георгиевка ауылында аю ерлі-зайыптыларға шабуыл жасады деген ақпарат тараған. Бұл оқиға Ресейдегі Георгиевка ауданында болған. Жарма ауданы Қалбатау ауылының бұрынғы атауымен шатасқан тұрғындар дүрлігіп кетті. Осы орайда, полиция бөлімі тұрғындарды шындыққа жанаспайтын ақпарат таратпауға шақырады. Егер жалған мәлімет бұқаралық ақпарат құралдарында немесе онлайн-платформаларда таратылса 3000 АЕК (11 млн теңгеге жуық) айыппұл немесе үш жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылған, — делінген ақпаратта.

Еске сала кетсек, бұған дейін СҚО-да еш жерде есепте жоқ 9 мың га орман алқабы анықталғаны туралы жазған едік.