ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары атыс қаруының тағы бір партиясын жойды. Қару-жарақты жою комиссияның қатысуымен жүргізіліп, бейнетіркеуге түсірілді.
«Әдетте полиция қару-жарақты қолдануға жарамсыз жағдайға келтіру үшін алдымен ұңғыларды кеседі. Содан кейін қару күзетіліп, пломбаланған жәшіктерде болат пеші бар кәсіпорынға жеткізіліп, балқытылады. 61 қылмыстық іс бойынша заттай дәлел ретінде танылған қару-жарақ, оқ-дәрілер және жарылғыш заттар жойылды. Барлығы әртүрлі маркалар мен модельдерден 52 қару, 2000 данадан астам оқ-дәрі, 2 қол гранатасы және «Аммонал» типті жарылғыш зат жойылды»,- деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.
Қару-жарақты ерікті түрде тапсыру арқылы ғана азаматтар заңсыз сақтағаны үшін жауапкершіліктен құтыла алады. Ал мұндай акция жыл сайын өткізіледі. 2020 жылы шығысқазақстандықтар полицияға құны шамамен 10 миллион теңгеге жуық 170-тен астам қару мен 503 дана оқ-дәрі тапсырды.