ШҚО полицейлері банкке 2 млн теңге қарызы бар әйелді Алматыдан тапты

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері банкке 2 млн теңге қарызы бар әйелді Алматы қаласынан анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары қарызын төлемегені үшін іздестіріліп жатқан адамдардың қайда екенін анықтау үшін тиісті шараларды қолға алуда. Жыл басынан бері көші-қон қызметінің өкілдері 67 борышкерді тапқан

«Полиция қызметкерлері банкке 2 000 000 теңге көлемінде қарызы болғаны үшін іздеу жарияланған 41 жастағы әйелді анықтады. Аталған азаматшаның Алматы қаласында тұрып жатқаны белгілі болды. Жинақталған материал ақшалай қаражатты өндіріп алу үшін жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жіберілді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да сегіз күн ішінде мас күйде көлік тізгіндеген 63 жүргізуші анықталғанын хабарлаған болатынбыз.