ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарлауынша, Құрбан айт күндері тағамнан улану мен жіті ішек инфекцияларының туындау қаупі артады.
- Сондықтан санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтау маңызды. Өңір тұрғындарына етті тек ресми рұқсат етілген сауда орындардан: базарлардан, дүкендерден және арнайы қасапханалардан сатып алу ұсынылады. Сатып алу кезінде ветеринариялық құжаттардың және ветеринариялық қызмет мөрінің болуына назар аудару қажет, - делінген ақпаратта.
Мал сою тәртібіне де ерекше көңіл бөлу керек. Мал тек арнайы белгіленген орындарда және қасапханаларда сойылуы тиіс. Тұрғын үйлердің аулаларында, балалар алаңдарының маңында және су айдындары жанында мал союға тыйым салынған.
- Сонымен қатар жеке гигиена талаптарын бұзбай, етті дұрыс сақтау қажет. Ет өнімдерін тиісті температуралық режимде сақтау, тағамның ыстықта ұзақ уақыт тұрып қалуына жол бермеу және міндетті түрде толық термиялық өңдеуден өткізу қажет. Жаппай тағамнан улану жағдайларының басым бөлігі еттің сапасына емес, қарапайым санитарлық талаптардың сақталмауына байланысты болады. Атап айтқанда, қолдың кір болуы, ортақ ыдысты пайдалану және өнімдерді дұрыс сақтамау қауіп тудырады, - делінген хабарламада.
Тамақтан улану белгілері - жүрек айну, құсу, дене қызуының көтерілуі немесе іш өту байқалған жағдайда тұрғындар дереу медициналық көмекке жүгінуі қажет.
Еске салсақ, осыған дейін құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған сайт іске қосылғаны хабарланған.