2025-2026 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы бойынша қайта есептеу көппәтерлі тұрғын үйлерде жылу энергиясын есептеудің жалпыүйлік аспаптары орнатылмаған тұрғындарға жүргізіледі. Бұл туралы ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті ШҚО бойынша департаментінің басшысы Қуат Мұстафин мәлім етті.
Тұрғындар жылуға 297 млн теңге артық төлеген. Монополия субъектілері қайтарылатын соманы дәстүрлі түрде тұрғындардың түбіртектерінде алдағы төлемдер есебінен аванс ретінде көрсетеді.
Департамент басшысының айтуынша, коммуналдық қызмет көрсетушілердің жұмысына бақылау тұрақты түрде жүргізіледі. Биылғы бірінші жартыжылдықта ведомство мамандары тарифтердің негізділігіне жан-жақты мониторинг жүргізіп, коммуналдық кәсіпорындардың тарифтік сметалары мен инвестициялық міндеттемелерін орындау барысын тексерген.
— Тариф қалыптастыру процесі халық үшін барынша ашық әрі түсінікті болуы керек. Осы мақсатта біз тұрақты түрде қоғамдық тыңдаулар өткізіп, азаматтарды жеке қабылдаймыз, коммуналдық кәсіпорындардың нысандарына баспасөз турларын ұйымдастырамыз, — деді Қуат Мұстафин.
Сонымен қатар өңірде 2029 жылға дейінгі «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында тозығы жеткен инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Бағдарламаның негізгі мақсаты — жылу және су желілеріндегі апаттылықты барынша азайтып, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру.
Брифинг барысында әлеуметтік осал және аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін көмек туралы да айтылды. Егер коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығын отбасының жиынтық табысының белгіленген шекті деңгейінен асып кетсе, айырмашылық бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
Еске салсақ, осыған дейін Өскеменде жылыту маусымы 5 қазанда басталатындығы хабарланған.